Домой Новости Бәрі де сауап үшін: Шымкенттік қызға бүйрегін тегін берген жігіт қалай батырға...

Бәрі де сауап үшін: Шымкенттік қызға бүйрегін тегін берген жігіт қалай батырға айналды?

Осыдан бірер апта бұрын екі бүйрегі істен шыққан бейтаныс бойжеткенге Абзал есімді оралдық жігіт бір бүйрегін беріп, елді адамгершілігімен, батылдығымен сүйсінткен болатын. Отандық БАҚ бұл оқиға туралы жарыса жазып, Абзал бір күннің ішінде бүгінгі күннің батырына айналды. Алайда дәл осы тұста Абзалдың 22 жастағы Жәмиланың өміріне араша болып, құтқарып қалғанына себепші болған жандардың еңбегін елемеу дұрыс емес. NUR.KZ порталы оқиға кейіпкерлерімен кездесіп, болған жайттың анық-қанығын бастан-аяқ анықтап көруге тырысты.

Оқиға қалай басталды

Бәрі де сауап үшін: Шымкенттік қызға бүйрегін тегін берген жігіт қалай батырға айналды?ЖӘМИЛӘ АНАСЫ ҚҰРМАНКҮЛМЕН БІРГЕ. ОТАДАН СОҢ. ФОТО: АЙТОЛҚЫН КҮЗЕРБАЕВА

22 жастағы Жәмиләға бүйрек жеткіліксіздігі диагнозы қойылғанда оның анасы Құрманкүл Қалмырзаева қайғыдан шөгіп қала жаздапты. Педагогика саласында білім алып, енді жұмысқа орналасуды армандап жүрген бойжеткен бір-ақ күнде ауырып, бірнеше күннің ішінде оның өмірінің астаң-кестеңі шыққан. Дәрігерлер шақырып алып, қызының екі бүйрегі істен шыққанын, алдағы уақытта донор керектігін айтқан екен.

«Он екіде бір гүлі ашылмаған, енді ғана оқу бітіріп келген қызымның осындай дертке душар болғанына қатты қиналдым. Анамын ғой, не істерімді білмей далбасалап кеттім», — деген ол Шымкентте түрлі телеарна мен газет журналистері арқылы елден көмек сұрағанын еске алды. Құрмангүлдің айтуынша, осы уақыт ішінде оған көмек ұсынып хабарласқан адамның санында шек болмаған. Абзалмен кездескенге дейін ол сан түрлі оқиғаларды бастан кешіргенін айтады.

ЖӘМИЛӘ АНАСЫ ҚҰРМАНКҮЛМЕН БІРГЕ. ОТАДАН СОҢ. ФОТО: АЙТОЛҚЫН КҮЗЕРБАЕВА

Бірі ақшасын, бірі жылы сөзін, бірі тегін бүйрегін ұсынғандардың ішінде талай алаяқтар мен көзбояушылар да аз болмапты. Бірақ Жәмиланың жолында кездескен «Қайырымды жандар» мен Абзал олардың өмірін де, өмірге деген көзқарасын да күрт өзгерткен. Себебі, олар бұған дейін өмірде мұндай жақсылық жасайтын жандардың барына сенбеген.

Алаяқтардың әлегі

Жәмиләның анасы БАҚ арқылы елден көмек сұрап, үндеу жариялаған соң, оған хабарласқан адамдардың легі толастамаған.

«Маған осы уақыт ішінде қаншама адам хабарласты. Менің бір түсінгенім, адам жанын шүберекке түйіп, тығырыққа тірелген кезде оған жылы сөз айтқан адамның барлығы да жақсы болып көрінеді екен. Мен де көптеген адамдарға сеніп, қанша ақшамды алаяқтарға беріп жібердім. Қарапайым ғана мысал, менің қызыма Қанат есімді бір жігіт хабарласып, екеуі екі ай бойы сөйлесті. Қайырымдылықпен айналысатынын айтып, сеніміне кіріп алуға тырысты. Онсыз да ауырып, жанына медет таппай жатқан қыздың басын қатырып, не үшін екенін белгісіз, келуге уәде берді.

АБЗАЛ «ҚАЙЫРЫМДЫ ЖАНДАР» МҮШЕЛЕРІМЕН БІРГЕ

Сөйтіп, оны Шымкент ауруханасының алдында үш сағат бойы суықта күткеніміз бар. Телефонын алмайды. Кейіннен оның бір досы хабарласып, досының жол апатына түсіп, қайтыс болғанын хабарлады. Бірақ ол шын мәнінде тірі екен. Сонда оның неліктен мұндай әрекетке барғанын түсіне алар емеспіз.

Сосын түрлі бүйрегін сатам деп ұсынып жүргендердің де заңсыз әрекеттеріне тап болдық. Бүйрегін тегін берем деп хабарласып, кейіннен миллиондап ақша сұрағандарды да көрдік. Жалпы, менің айтарым, мұндай күрделі жайттарға тап болғандар абай болса екен. Хабарласып жатқан жандардың шын мәнінде көмек көрсетуге ниетті екенін әбден тексеріп алмаса қиын болатынына көзім жетті», — дейді Құрманкүл Қалмырзаева.

Қайырымды жандар бар

ЖӘМИЛӘ МЕН АНАСЫ «ҚАЙЫРЫМДЫ ЖАНДАРМЕН» БІРГЕ

Негізінде, Жәмилә мен Абзалдың оқиғасының осылайша өрбуіне себепкер болған жандар өте көп. Себебі, Абзал мен Жәмилә бір-біріне жолығардың алдында қаншама «асулардан» өткен.

«Мен осылай қиналып не істерімді білмей жүргенімде, «Қайырымды жандар» тобының жақсылығына тап болдым. Топтың Шымкенттегі белсенділері де, алматылық өкілдері де бастан-аяқ Жәмиләмның қасында жүріп, қолынан демеп, иығынан сүйеп жүрді. Шілде айынан бастап Алматыдағы топ өкілдері бір емес, үш рет келді Шымкентке. Менімен кездесіп, әңгімелесіп, шынымен де мұқтаж екенімді көріп, жанашырлық танытты. Қазіргі заманда «екі туып, бір қалғаның» да танымайтын адамның проблемасымен күн ұзаққа жүріп, бас ауыртпайды. Ал олар болса, бір емес, үш реттен келді.

АБЗАЛ МЕН «ҚАЙЫРЫМДЫ ЖАНДАР» ТОБЫНЫҢ МҮШЕЛЕРІ ӘУЕЖАЙДА

Донорға бес миллион  теңгені қалай табам деп дал болып жүргенімде де, топтың өкілі хабарласып, Абзал есімді жігіттің бүйрегін беруге дайын екенін, ол бұл әрекетке тек қана сауап үшін бара жатқанын айтты. Басында сенбедім, тағы бір алаяқтардың бірі екен деп ойладым», — дейді ана.

Ал «Қайырымды жандар» тобының өкілдері Жәмилә мен анасының қасында жүріп, бүкіл анализдері мен тексерулеріне бірге барған.

АБЗАЛ ОТАДАН СОҢ.

«Туыстарым, шыны керек, бір-екі рет жағдайды сұрап қана қойды. Ал «Қайырымды жандар» қанша ай бойы менімен бірге жүріп, бірге ауруханаларға барып, жататын орын тауып беріп, суықта да, ыстықта да бір елі жанымыздан алыстаған жоқ. Олардың бұл жақсылығын қалай ұмытамын. Жақының қарамай жатқанда мүлдем бөтен біреудің баласы келіп, демеп, қызыңның өмірін сақтап жатса, мен қалай қуанбаймын? Мен олардың жақсылығын өмір бойы ұмытпаймын ғой.

Құрманкүл апайдың айтуынша, ота бастапқыда Шымкентте жасалмақ болғанын айтады. Алайда кейіннен шымкенттік дәрігерлер ота жасаудан бас тартқан. Осылайша Жәмилә анасымен және Абзалмен бірге Алматыдағы Сызғанов атындағы ұлттық хирургия орталығына келіп, 20 қазан күні екеуіне де бүйрек алмастыру отасы жасалыпты.

«Алматыға келіп, қалтамда ақшам болмаған кезде топтағы Сәбина есімді қыздың атасы тегін пәтер тауып берді. Қызым үшін алаңдап, оны қуантып, Алматыға ота жасау үшін әкелген кезде қаланы аралатып, көңілін көтерген мейірімді жастарға алғысым шексіз. Балаларым болып кеттіңдер, Абзалдың екінші анасы атандым. Менің балам үшін өзінің бүйрегін беріп, танымайтын қыздың өмірін алып қалды.  Ал Алматыдағы пәтердің ақсын төлей алмай, қиналған кезде «Өнер қырандарындағы» Құдірет есімді актер өзі хабарласып, пәтердің ақысын төлеп берді», — деп көзіне жас алып, рахметін айтты ана.

Жанарға бұйырмаған бүйрек немесе күйеуінің орындалмаған уәдесі

Абзал алғашында бүйрегін 22 жастағы Жәмилаға емес, қызылордалық Жанар есімді келіншекке бермек болған. Бұдан екі жыл бұрын бүйрек жетіспеушілігі дертіне шалдығып, екі бүйрегі істен шыққан Жанар «Жан жылуы» бағдарламасына қатысып, өзінің проблемасын елге көрсетеді. Медициналық колледждің түлегі тұрмысқа шығып, бала көтерген соң, бір күнде денсаулығына қатысты осы проблемамен бетпе-бет келген екен. Перзенті де төрт күннен артық өмір сүрмейді. Енді ол өзінің өмірі үшін күндіз-түні күресе бастайды. Оның Абзал есімді жанкешті жігітпен таныстығы да «Жан жылуы» бағдарламасынан кейін басталған.

«Не істерімді білмей жан жылуы бағдарламасына қатыстым. Бүйрек жетіспеушілігіне тап болғаныма үш жыл болды. Осы жыл ішінде не көрмедім. Бір өліп, бір тірілдім. Міне, сондай қиналған кезімде сонау Оралдан Абзал хабарласты. Танымайтын, айдаладағы маған бүйрегімді беремін деді. Қатты таңғалдым. Сол кезде-ақ ота жасауға болар еді. Алайда күйеуім «мен өзім беремін бүйрегімді» деп, мені үміттендіріп қойды. «Ораза айы ғой», — деген соң күйеуіме сендім. Абзал күнде хабарласып, жағдайымды біліп отырды. Бірақ, мен сияқты тағы бір қыздың қиналып жатқанын, оған да бүйрек керек екенін естігем соң, Абзалдың нөмірін «Қайырымды жандар» тобының мүшесіне бердім.

Абзалға мән-жайды түсіндіріп едім, қазақтың қызы ғой. Кімге берсем де, мен үшін маңызды емес. Маңыздысы, бір адамның өміріне араша түсетінім», — деп келісімін берді. Енді бүгін, міне, Абзалға мен Жәмиләға ота жасалған кезде қатты қуандым. Еш өкінбеймін. Ал күйеуімнің бүйрегін беруіне ата-анасы қарсы. Мен ол менің қиналғанымды көрмесінші деп көп нәрсемді көрсетпеймін. Қазір аптасына үш рет диализге барамын. Күйеуім КамАЗ айдайды, сол үшін үйде көп болмайды.

Мен жалғыз өзім түнде қиналатын кездерім көп болады. Бір қызығы, он ағайынды болсақ та, олардың ешқайсысының бүйрегі маған жарамайды екен, тек қана күйеуімдікі келеді. Өкініш жоқ. Тағдыр ғой. Жүгірген жетпейді, бұйырған кетпейді. Мен мұнда тек себепші болып тұрмын.

Бірақ Абзал мен күйеуімді кейде салыстырамын да ойланамын. Ер жігіт сөзінде тұруы керек қой деп ойлаймын. Өмірім қалай болмақ, көзім жетпейді. Соған алаңдаймын. Әлі жаспын. Өмірімнің жартысын да сүрген жоқпын», — деген Жанар бүгінде өз ауруымен түндерде жалғыз өзі арпалысады.

Алайда ол мойымай келеді. Себебі, емнен бос уақытында тоқыма тоқумен айналысып, елге мамандығы бойынша екпе егіп, аз-маз тиын тебенін де табады.

Кейде қатты қиналған сәттерінде ол Абзал секілді жандардың әлі де табылып қалатынына іштей үміттеніп келеді.

Абзал: «Еш өкінбеймін»

«Мен ойланып барып, шешім қабылдадым. Ең бірінші Жанарды көрдім телеарнадам. Қатты ойландым, көмектесемін деп телефон нөмірін тауып алдым. Кейіннен хабарласып, қан тобымыз бірдей, бүйрегімді беремін дедім. Екеуіміз жақсы сөйлесіп, араласып кеттік.

Бір жылдай сөйлестік қой. Маусымның аяғында Жанар маған хабарласып, жолдасым бүйрегін беретін болды деді. «Нақты ма деп едім, иә» деді. Одан кейін ол маған Жәмилә туралы айтты. «Кімге жақсылық жасасам да, сауабы тисе болды» деп ойладым да, келісімімді бердім», — дейді Абзал.

Абзалдың айтуынша, бастапқыда оның ата-анасы оның бұл әрекетіне қарсы болған. Отбасындағы жалғыз ұл әке-шешесіне барлық жағдайды түсіндіріп, кейіннен келісімін алған.

«Құрылысшы болып жұмыс істегенмін. Өзім Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы, Алмалы ауылының тумасымын. Сонда әкеммен бірге тұрамын», — деген ол болашақта өз жолын тауып кететініне сенімді.

АБЗАЛ ӘДІЛОВ.

Алайда «Қайырымды жандар» тобының мүшесі Мәуленнің айтуынша, Абзал Әділов секілді ерлік жасап жатқандар біздің қоғамда жоқтың қасы.

«Абзал көп адамның қолынан келе бермейтін іс жасады. Дегенмен, бұл оқиғаның  екі жағы бар. Мәселен, бірер айдан соң Абзалдың ерлігі ұмытылып қалады. Ал ол болса, маңызды органын бейтаныс қызға беріп, өзінің де денсаулығына бір ауырлық тудырды. Өзіне сауап болады ғой, дегенмен ол ертең үйленеді, отбасылы болады. Оған мықты денсаулық керек. Әлі 25-ақ жаста. Сондықтан, мұндай батыл қадамға барған жандарды қолдап, елге үлгі боларлықтай іс жасағанын елеп-ескеретін азаматтар демеп жіберсе құба-құп болар еді. Мәселен, бір кішігірім кәсіп ашуға көмектессе, ары қарай өзі алып кететіндеі бір демеушілік жасап жіберсе, барлығына пайдалы болар еді», — деп өз ойын қосты ол.

Айта кету керек, 20 қазан күні ота жасалған Жәмилә кеше кешке Сызғанов атындағы ұлттық кардиология орталығынан үйіне шығарылды.

Урология және бүйрек трансплантациясы бөлімінің меңгерушісі Равиль Ибрагимовтің айтуынша, Жәмиләнің денсаулығының қалпына келуі үшін бір жылдай уақыт керек. Осы уақыт аралығында арнайы диета ұстап, өзіне күтіп жасаса ол болашақта ана атанып, бала сүюге мүмкіндік алады.

«Абзал енді бүгін батырға айналып кетті ғой. Танымайтын адамға бүйрегін берді. Негізінде тәжірибе мұндай оқиғалар өте сирек кездеседі. Кейбіреулер тегін беремін деп тұрып, сырттай ақша алуы мүмкін. Сондықтан біз мұндай заңсыздықтарды болдырмас үшін біз барлығын тексерістен өткізіп, әрнәрсені зерттеп барып, трансплантацияға барамыз.

Біз олардың сөзінің рас-өтірігін анықтап аламыз. Қазір екеуінің жағдайы да бірқалыпты, жақсы. Бастапқыда Жәмиләнің өкпесінде ақау болып, сарысу бары анықталып, кішігірім ота жасалды. Содан кейін жан-жақты тексерулер өткізіп, екеуіне ота жасалды. Енді олар бұдан кейін қалыпты өмір сүре алады. Бір жылдан соң келіп тексеруден өтіп кетуіне болады», — деді Равиль Ибрагимов.

comments powered by HyperComments