Домой Новости Ауруханада көз жұмған шымкенттік азаматтың өліміне жақындары дәрігерлерді кінәлады

Ауруханада көз жұмған шымкенттік азаматтың өліміне жақындары дәрігерлерді кінәлады

Қазығұрт аудандық ауруханасында көз жұмған 41 жастағы Жеңісбек Альмахановтың туыстары дәрігерлерді айыптап отыр. Айтуларынша, қызуы көтерілген азамат жедел жәрдем арқылы ақ халаттылар көмегіне жүгінген. Алайда,мамандар оған ем-дом жасамай, үйіне қайтарып жіберген. Екінші рет жедел жәрдем көмегіне жүгінген тұрғын ауруханаға жатқызылғанымен таңға дейін науқасқа алғашқы көмек көрсетілмепті.

Ауруханада көз жұмған шымкенттік азаматтың өліміне жақындары дәрігерлерді кінәладыФОТО: TVK

Жеңісбек Альмахановтың туыстары дәрігерлер салғырттығынан бауырларының комаға түсіп қалғанын алға тарытп, TVK арнасынан көмек сұрап барған.

Олардың айтуларынша, дәнекерлеуші болып жұмыс істейтін 41 жастағы азамат 22 қазан күні қызуы көтеріліп, жедел жәрдем көмегіне жүгінген. Дегенмен, ақ халаттылар науқасты Қазығұрт аудандық ауруханасы қабылдамай, үйіне қайтарып жіберіпті.

Сырқаты асқынған тұрғын екінші рет жедел жәрдем стансасына хабарласқанда, оны ауруханаға жатқызған. Алайда, науқастың әйелі таңға дейін күйеуіне алғашқы медициналық көмек көрсетілмеді деп отыр. Салдарынан науқас комаға түскен.

«TVK» арнасының түсірілім тобы Қазығұрт ауданына барып келген болатын. Дегенмен, бас дәрігер төбе көрсетпеді. Айтуларынша, ол Шымкенттегі жиналыста екен.

Жеңісбектің қарындасы ағасының арнайы аппаратта жүрегі соққанын көріпті. Сондықтан науқастың туыстары оның тірі екенінен үмітін үзе қоймаған.

Ал, жан сақтау бөлімінде жатқан өзге науқастардың туыстары Жеңісбекке туберкулез диагнозы қойылды дегенді естіп, шу шығарды. Бірақ дәрігерлер бұл дерттің ашылғанын алғашында айтқанымен, кейін ол мәліметті жоққа шығарған.

«Санавиация барады әрқайсысы түрлі диагноз айтады. Бірі айтады, таксикалық пневмония соның екпесін салады, кейінгісі туберкулез дейді, соның дәрісін салады. Сосын туберкулез жоқ деді, кеше екпені салдыңдар ғой десек, «ештеңе етпейді ол» дейді. Әрқайсысы әр түрлі екпе салса, қолдан өлтіреді ғой олар», — деп ашынды туыстары.

Алайда түсірілім тобы ауруханадан кеткен бойда, аудандық дәрігерлер Жеңісбектің туыстарына қаралы хабарды жеткізді. Бүгінде отбасының жалғыз асыраушының артында кәмелетке толмаған төрт баласы қалып отыр.

«Дер кезінде ем жасағанда, жанын аман алып қалар ма еді», — деп налиды олар. Енді істің ақ-қарасын анықтау үшін сотқа арыздануға бекініп отыр.

Жеңісбек Альмахановтың туған ағасы мен жеңгесі облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасарына аудандық ақхалаттылар өз міндетін орындамағаны үшін жазбаша шағымданған. Сондай-ақ телеарна атынан басқармаға қызметтік хат жолданған. Заң бойынша 3 жұмыс күні өткенімен басшылардан ешқандай жауап келмеді.

comments powered by HyperComments