Домой Новости Қанат Ислам: Мен ешқашан өзге елге кетпеймін

Қанат Ислам: Мен ешқашан өзге елге кетпеймін

Танымал боксшы Қанат Ислам «Не хабар?!» басылыман берген сұқбатында «ешқашан өзге елге кетпейтінін» кесіп айтты деп хабарлайды NUR.KZ.

Қанат Ислам: Мен ешқашан өзге елге кетпеймінҚАНАТ ИСЛАМ. ФОТО: INFORM.KZ

«Ата-бабаларымыздың осындай кең жерді қорғап, егемендік алып, тыныштық орнатып, ұрпақтарына аманаттап кеткені мен үшін үлкен бақыт. Егемендік, тыныштық болмаса бұл жарыс, жеңіс кімге керек шынын айтқанда? Кең пейіл еліміз, дархан көңіл даламыз, білімді елбасымыз, көтеретін көк туымыз бар. Сондықтан әркім әр салада қолынан келгенінше жұмыс атқаруы керек деп ойлаймын.

Ер азамат болғаннан кейін ол — азаматтық борышымыз. Мен өз елімнің намысын қорғап, көк туымды көтеріп жүріп шетелде жұмыс істегеніме қуаныштымын. Мен ешқашан өзге елге кетпеймін. Отбасым да, ұрпағым да, Алла қаласа, осы Қазақстанда өмір сүреді«, — деген боксшы жеңіске жету жолында жаттықтырушыларының еңбегі зор екен айтады.

«Біз қазір өзімізше жұлдыз болып халықтың алдында жүргенімізбен, жаттықтырушыларымыздың еңбегі зор. Адам ұстазына қарап өседі, еліктейді. Өз басым елдің намысын жоғары қоятын ұстаздарым барына қуанамын.Нұрғали Сәпиұлы деген ұстазым болды. Ол кісі мейірімді, жуас көрінгенімен жарыстың алдында жаныңды шығарып қинайды, аямайды. Бір жарыста айтқан сөзі әлі есімде.

Мені сілкілеп жатып «Қанат, сен менің батырымсың, ұқтың ба? Сен жұлып алу керексің» деп көзі жанып айқайлап жатты. Ол сөзді естігенде мен шаршағанымды ұмытып, орнымнан қалай атып тұрғанымды білмей қалған болатынмын. Сондай мықты жаттықтырушылардың арқасында осы жерде отырмыз», — дейді боксшы.

Төрт баланың әкесі жетістікке жетуіне асыл жарының тарапынан көрсетілетінін қолдаудың да өте жоғары екенін айтады.

«Ер жігіттің үш жұрты бар деп айтады ғой қазақ. Аллаға шүкір,  үш жұртымның да көмегін, қолдауын алып жатырмын. Ең бастысы жарымның бала-шағамды тыныш ұстап, үйімнің түтінін түзу шығарып отырғаны мен үшін үлкен көмек.

Қазіргі таңда 4 баланың әкесімін. Ерді ер қылатын да жер қылатын да әйел. Жарыңыз ойлаған ойыңызды құрметтемесе, қолдамаса ер азаматтың еркін жұмыс істеп кетуі қиын болады. Сол себепті жарымның тарапынан қолдау өте жоғары. Кейде жарыстарға кеткенде балаларымның ауырып қалғанын айтпай жасырып отырады. Жарыс біткен соң біліп жатамын. Маңайымдағы туыс-туғаным, дос жарандарым да мені үнемі қолдап жүреді», — дейді боксшы.

comments powered by HyperComments