Домой Новости Тергеушінің есімін кеудесіне ойып жазған жігіт өзінің кінәсіз екенін айтып, ашынды (фото)

Тергеушінің есімін кеудесіне ойып жазған жігіт өзінің кінәсіз екенін айтып, ашынды (фото)

Ақтөбеде полицейлерге күйінгенінен денесін алмаспен тіліп, тергеушінің есімін жазып алған Бауыржан Өнерзаққа қатысты іс сотқа жіберілген. Ол өзіне тағылған айыппен келіспей отыр деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.

Оқиғаның басы 25 маусым күні кафе жанындағы төбелестен басталған. Төбелес кезінде екі адам дене жарақатын алған. Бауыржан Өнерзақ таңғы бестер шамасында кафеден жанында төбелескендерді ажыратпақ болғанын айтады.

Ол алғашында тергеуге төбелестің куәгері ретінде шақырылған. Айтуынша, аяқ астынан өзі басты күдіктіге айналған. Оған алғашында бұзақылық жасады және суық қару ұстады деген айып тағылған болатын.

 «Сол кафеден шыққанда балалар төбелесіп жатты. Мен ол жерге ажырату үшін бардым. Полиция келгенде мені куәгер ретінде тергеуге шақырды. Тергеуші полиция бөлімшесінде ұзақ ұстады. Соңында қолыма кісен салды. Олар өздерінің тілдерінде бірдеңелерді айтып жатты. Қағаздар дұрыс болмаған, қайта жасады. Мен қорғаушы шақырдым. Онымен ештеңе болмай, мені екі ай темір торға қамады. Мен өзімнің кінәсіздігімді дәлелдеу үшін аштық жариялап, денеме істі жүргізген тергеушінің есімін алмаспен тіліп жаздым», — дейді Бауыржан Өнерзақ.

Күдікті болып тергеуге алынған жігіттің әрекетінен кейін прокурорлар істі қайта қараған. Бауыржан Өнерзақтан суық қару ұстады деген кінә алынып тасталынды.

«Бауыржан Өнерзаққа қатысты қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 293-бап 2 тармағымен адамдар тобы болып, бұзақылық жасағаны үшін жауапкершілікке көзделуіне байланысты сотқа жолданды. Тергеу кезінде жіберілген заңбұзушылықтар бойынша оны жою туралы ұсыныстар енгізілді. Осы оқиғаға қатысты басқа күдіктілерге іздеу жарияланды», — дейді Ақтөбе облыстық прокуратураның баспасөз қызметкері Айнұр Аманқұлова.

comments powered by HyperComments