Домой Новости Шымкент әкімі шу шығарған тұрғындарды өзі іздеп барды (фото)

Шымкент әкімі шу шығарған тұрғындарды өзі іздеп барды (фото)

Шымкент әкімі үш күннен бері үйімізге қонбадық деп шу шығарған тұрғындарды өзі іздеп барды деп хабарлайды NUR.KZ порталының өңірдегі тілшісі.

Шымкент әкімі шу шығарған тұрғындарды өзі іздеп барды (фото)ШЫМКЕНТ ӘКІМІ ШУ ШЫҒАРҒАН ТҰРҒЫНДАРДЫ ӨЗІ ІЗДЕП БАРДЫ. ФОТО: NUR.KZ

Күні кеше қалалық әкімдік ғимаратына келіп, шу шығарған тұрғындар шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымовты өздері тұратын мөлтекауданға келіп, жағдайды өз көзімен көруге шақырған болатын.

Бүгін әкім Асар мөлтекауданына арнайы барып, халықпен кездесті. Газдың болмауынан жылусыз қалдық деп мұңын шаққан асарлықтардың бас қатырып келген проблемасы шаш етектен болып шықты.

«Бізге кішкене автобустар қойып қойған. Оның ішінде екі бүктеліп тұрасың.Алда қыс ауасы келе жатыр… Оның ішінде демала да алмаймыз. Таңертең ерте жұмысқа барып, кешқұрым қайтатын балаларымыз көлік болмай, жолда қалып қойып жатыр. Автобустар уақытында жүрмей қалады. Лажы болса, үлкен автобустар қойып, осы мәселені шешіп берсеңіз», — деді тұрғындардың бірі.

Шымкент әкімі шу шығарған тұрғындарды өзі іздеп барды (фото)

Тек санаулы ғана шағын автобус қатынайды деген халықтың бұл мәселесі алдағы екі апта көлемінде шешімін табатын болды. Яғни, жақын уақытта қалаға жүз жаңа автобус келсе, соның оны Асар мөлтекауданының жолаушыларын тасымалдайды.

Ал көпқабатты үйлердің аулалары тар болғандықтан, көлік қоятын орын таппай дал боламыз, кейде жедел жәрдем көліктері аулаға кіре алмайды деген тұрғындарды Шымкент әкімі велосипедке отыруға шақырды.

«Қазір бүкіл әлемде, Лондон, Париж, Мәскеуде де, Алматыда да көп халық көліктерін сатып жатыр. Бір үйге бір ғана машина қалдырып, қалғаны атвобус, велосипедпен жүреді. Рас қой ол. Бізде әкесінде бір көлік, анасында бір көлік.Ертең баласы өссе, оған көлік әпереді, қызына да солай. Дұрыс па? Бір үйде төрт көлік. «Балам, нан алып кел» десе, дүкенге көлікпен барып келеді. Әрине, ол кезде кептеліс болады…», — деген Әбдірахымов өз денсаулығына алаңдайтын тұрғын жаяу немесе велоиспедпен жүретінін ескертті.

Шымкент әкімі шу шығарған тұрғындарды өзі іздеп барды (фото)

«Халық 50-60 жастан кейін мына жерім, ана жерім ауырып жатыр» деп ауруханадан шықпайды. Оның себебі: ешкім жаяу жүрмейді. Әрине, түсінемін көлік те қажет. Бірақ қазір бүкіл әлемде өзінің денсаулығын ойлайтын халық велосипедпен немесе жаяу жүруге көшіп жатыр. Неге Еуропада 70-80 жастағы қариялар қалада велосипедпен жүреді? Себебі олар ауырмайды. Мен де өзім жұмысқа велосипедпен барғанды жақсы көремін. Азанымен ерте тұрасың, бетіңе самал ұрып тұрады. Қан айналымың жақсарып, жұмысқа кірісесің. Біздегілер көлікке мініп алып, «ойбай, автотұрақ жетіспей жатыр, соны әкімдік жасап бермей ме деп отырады», — деді Шымкент «мэрі».

Дегенмен, халықтың барлығы жаппай велоиспедке отыратынына Әбдірахымов мырзаның да өзі күмәнданса керек, әкімдік жиынында бұл мәселені көтеріп, мүмкіндігінше шешіп беруді уәде етті.

«Сіздердің айтып отырған автотұрақты мүмкіндігінше жасап берейік. Мен енді жалпы айтып жатырмын. Шымкент өте жылы қала. Бұл Астана емес, жарты жыл қыс болатын. Бізде қыс екі-ақ ай шығар? Қалған күндері велосипедпен жүруге болады. Бұл барлығымыздың денсаулығымызға жақсы», -деп сөзін түйді Ғабидолла Әбдірахымов.

Одан өзге Шымкент әкімі Асар мөлтекауданында кенеттен сөніп қала беретін жарық мәселесін де алдағы уақытта өзі назарға алатынын жеткізді.

comments powered by HyperComments