Домой Новости Шымкент әкімі Ғабидолла Әбдірахымов есек арбамен жүрген кездерін еске алды (фото)

Шымкент әкімі Ғабидолла Әбдірахымов есек арбамен жүрген кездерін еске алды (фото)

Шымкент әкімі Ғабидолла Әбдірахымов жұмысқа автобуспен қатынап, өзіне жарнама жасады дегендерге жауап берді, деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZтілшісі.

Шымкент әкімі Ғабидолла Әбдірахымов есек арбамен жүрген кездерін еске алды (фото)ШЫМКЕНТ ӘКІМІ ҒАБИДОЛЛА ӘБДІРАХЫМОВ

Осыдан тура екі апта бұрын Шымкент әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қызметтік көліктен бас тартып, жұмысқа қоғамдық автобуспен қатынайтынын мәлімдеген болатын. Тек өзі емес, қол астындағы қызметкерлеріне де осындай тапсырма берген оның бұл әрекетін желідегілер кезекті «пиарға» балап, танымал болудың бір әдісі деп сынның астына алды.

Желі қолданушыларының бұл сөзі шаһар басшысының шамына тисе керек, Асар мөлтекауданының тұрғындарымен кездескен сәтте Әбдірахымов мырза өзін сынағандарға жауап қатты. Бұдан өзге Шымкент басшысы өзі кезінде есек арбамен жүрген кездерін де еске алды.

«Показуха», «популизм», өзін елге көрсету үшін жасады деп біраз нәрселер жазды ғой. Оның бәрі өтірік. Маған пиар керек емес. Біздің автобуспен жүрудегі мақсатымыз — сол автобустың ішінде не боп жатқанын өз көзімізбен көргіміз келді », — деген ол қараша халықпен бір көлік ішінде жүрудің пайдасы барын да жеткізді.

«Әрине, бәріміз аспаннан түскен жоқпыз. Бәріміз де ауылдың баласымыз. Автобуспен де жүрдік, керек десеңіз есек арбамен де жүрдік. Бірақ жақсы өмірге тез үйреніп кетесің ғой. Сол кезде анда-санда адамға сондай нәрсе пайдалы болады. Баяғы кезің еске түсіп, орныңа кеп қаласың. Ары қарай біразға дейін жұмысыңды жалғастырасың. Мұндай жұмыстарды жиі жасап тұратын боламыз» , — еп ағынан жарылған Ғабидолла Әбдірахымовтан кездесуден соң дәл осы қоғамдық автобусқа қатысты бірер сауалға жауап алдық.

— Әкімдік ғимаратына іздеп барып, мұңын шаққан Асар мөлтекауданының тұрғындары сізді өздері тұратын мекенге автобуспен келіп, проблемаға куә болуға шақырып еді. Кездесуге немен келдіңіз?

— Бүгін өзімнің көлігіммен келдім. Оған дейін үйден жұмысқа автобуспен қатынап жүрдім, қаланы «Газель»-мен аралап шықтым.

Шымкент әкімі Ғабидолла Әбдірахымов есек арбамен жүрген кездерін еске алды (фото)ШЫМКЕНТ ӘКІМІ ҒАБИДОЛЛА ӘБДІРАХЫМОВ

— Қоғамдық көлікпен шет жақтағы шағынаудандарды аралап көрдіңіз бе?

— Жоқ, әлі мінбедім. Бірақ жоспарымда бар. Жуырда қалаға жаңа жүз автобус алдырып жатырмыз, оның бағыттары реттелген соң өзім мініп, тексеріп шығамын.

— Сонда тек жаңа автобустарға ғана мінесіз бе? Неге қазіргі ескі көліктердегі жағдайды көзбен көрмеске?

— Мен қаланың орталығында тұрамын ғой, сол себептен шет аумақтарды әлі аралай қоймадым. Негізі, маған ол бағыттағы автобустарға отыру проблема емес. Шет жақта тұратын орынбасарларым қазіргі жағдайды көзбен көріп жүр.

— Өзіңіз және қызметкерлеріңіздің қызметтік автокөліктен бас тартқанына екі апта өтіпті. Нені байқадыңыздар? Не өзгерді?

— Шыны керек, біраз кемшіліктерді анықтадық. Оның біріншісі, қалада автобус жеткіліксіз. Әсіресе «час-пик» уақыты кезінде жолаушы көлік ішіне лық толады. Қазір бір бағыттағы автобустардың жолаушы тасымалдау аралығы он минут болса, дәл осындай халық көп толатын сәттерде бес минут сайын жүруіне жағдай жасауымыз қажет. Айтып өткенімдей, өзім бірнеше бағыттағы автобуспен қатынап көрдім. Шынымды айтсам, ол кезде аялдамада тұрып қай автобустың қайда баратынын білмедім. Себебі аялдамаларда маршрут бағыттарының кестесі жоқ. Сондай тізім кестелері ілініп жатыр қазір.

Тағы бір ерекше атап өтерлігі, арнайы мамандарға мобильді бағдарлама жасатудамыз. Бір айдан соң іске қосылады. Ол кезде кез келген тұрғын смартфон арқылы қай автобустың қай аялдамаға қандай уақытта келетінін бақылап отыра алады. Бұл халықтың аялдамада тұрып, уақыт жоғалтуының алдын алады. Үйінде отырып-ақ, «менің автобусым он минуттан соң келеді екен, демек мен бес минуттан соң шықсам, соған үлгеремін» деп алдын ала жоспарлауына мүмкіндік туады.

Сонымен қатар, өзім де талай куә болдым, кондукторлардың жолаушылармен байланысы, бір-бірімен жарысатын жүргізушілер… Жолаушы көп кезде кондукторлар жолақыны зорға жинайды. Негізі біз электронды билет жүйесіне көшуіміз керек. Алматы секілді және өзге де қалалардағы тәжірибені зерттеу үстіндеміз. Ол кезде кондуктордың да қажеті болмайды. Бүгінде қалада 30 көлік компаниясы жолаушыларды тасымалдаумен айналысады. Олардың жаңа автобус алуларына шамасы жетпей жатыр. Дәл қазіргі таңда біз қалалық автобус паркін ашу бойынша тиісті мекемемен келісім жүргізудеміз.

— Көліктердің жолаушы тасымалдау уақытында өзгерістер бола ма? Өйткені кешкі сағат жетіден соң автобус тоқтап қалады деп шағым айтушыларды жиі естиміз….

— Ол жағын да қарастырамыз алдағы уақытта. Оның барлығы терең зерттеуді қажет етеді. Мәселен делік, қаланың орталығында халық тығыз орналасқан. Оның үстіне онда кешкілік уақытта тұрғындар жүре береді. Киноға барады, Shymkent Plaza, Mega секілді орындарды аралайды. Сондай жерлерге уақытты созып, басқаша кесте қою керек. Кешкілік уақытта адам жүрмейтін жерлерге автобус уақытын ұзартудың қажеті жоқ. Жолаушы мінбесе, босқа «солярка» шығын болады. Барлығын есептейміз, анықтаймыз ғой. Қажетті жерге уақытты созамыз.

Дереккөз: Nur.kz
comments powered by HyperComments