Домой Новости Израильдық танымал дәрігер екпе салдырудың маңызы туралы айтып берді

Израильдық танымал дәрігер екпе салдырудың маңызы туралы айтып берді

Денсаулық сақтау министрлігі дабыл қақты: 2017 жылдың бірінші жарты жылында иммундаудан бас тартудың 11557 фактісі тіркелген.

Екпеге қарсы көңіл-күй 37,3 пайызға артты. Анти-рейтинг көшін Алматы және Ақтөбе облыстары бастап тұр: қарсы шыққандардың 50 пайызы осы өңірлерге тиесілі. Дәрігерлердің сөзінше, иммундаумен қамту популяциялық иммунитет үшін әзірге жеткілікті болғанымен, алаңдауылық тудырып отыр. Әсіресе, екпеге наразылардың кішкентай нәрестелерді қорғансыз қалдыратыны қауіпті.

Денсаулық сақтау министрлігінің санағына жүгінсек, 2016 жылдың соңына қарай нәресте өлімі жаңа дүниеге келген 1000 баланың 8,60-на дейін азайған. Дегенмен, бұл ЭЫДҰ –ның көрсеткіштеріне қарағанда 3 есе жоғары. Елжан Біртановтың сөзінше, «құрылымда перинаталдық кезең, соның ішінде сепсис, дамудың туа біткен кемістігі, қайғылы оқиғалар мен пневмония алдыңғы орында».Нәресте сепсисі мен пневмонияның табиғаты бірдей екенін айта кеткен жөн. Екі жасқа дейінгі балалар Streptococcus pneumoniae бактериясын тез жұқтырады.

Пневмококк инфекциясы туралы толығырақ ақпарат беруді Балалар жұқпалы аурулары бөлімінің профессоры Дэвид Гринбергтен (Израиль) сұрадық. Ол ДДҰ-ның пневмококк вакциналары бойынша зерттеу жұмысына қатысқан.

Доктор Гринбергтің сөзінше, бұл бактерия бактериемия, менингит, пневмония, орташа отит, синусит және бронхитке себеп болады. Ауыр жағдайларда перикардит, сепсиске әкеліп соғуы мүмкін.

Статистикаға сай, пневмонияның 70 пайызы, орташа отиттің 25 пайызы, іріңді менингиттің 5-15 пайызы пневмококктан тарайды. Бұл бактерия нәресте және бала өлімінің 40 пайызына жауапты. Сол үшін де 2009 жылы медицина қауымдастығы алға ілгеріледі: пневмококкқа қарсы 13 валентті конъюгирленген вакцина жасап шығарылды.

Жаңа екпе бір жылда 103 елдің (Қазақстанды қоса алғанда) иммундау бойынша ұлттық күнтізбеге енгізілді. Дегенмен, Израильде иммундаумен қамту 95 пайызға жақындап қалса, Қазақстанда 2017 жылдың 8 айында, соңғы деректерге сай, вакцинаны қажет ететіндердің 63 пайызы ғана оны алған. Екпелер жеткілікті мөлшерде сатып әкелініп жатыр. Мәселе адамдарда болып тұр.

Екпеге қарсылардың 45,7 пайызы жеке сеніміне сай, ал 41,9 пайызы діни нанымдарына сай бас тартады.

Екпеге қарсы көңіл-күйге қарсы күрес әлемде үкіметтік деңгейге шықты. Австралияда бас тартқандар балаларды медициналық қамсыздандырудан қағылса, Ресейдің Мемлекеттік Думасы осы жүйе бойынша қысым жасау тетігін қарастырып отыр.

Доктор Гринбергтің сөзінше, Израильде екпемен қамтудың ең жоғары пайызына белсенді ақпараттық үгіт-насихат (науқан барлық арна бойынша жүреді: электрондық және қағаз БАҚ, теледидар) пен «көзге көрінбейтін кедергілер» арқылы қол жеткізіледі: екпе – заң бойынша емес, іс жүзінде қажет – онсыз бала бірде-бір балаларға арналған мекемеге бара алмайды.

Қазақстанда әзірге Денсаулық сақтау министрлігі, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі мен дін өкілдерінің қатысуымен өтетін түсіндіру науқанымен ғана шектелу туралы шешім қабылданды. Бұл шара жағдайды өзгерту үшін жеткілікті ме?

Дереккөз: Nur.kz
comments powered by HyperComments