Домой Новости Бұрынғы жұбайына әлі күнге дейін сыйлық беріп тұратын атақты сазгер ағынан жарылды

Бұрынғы жұбайына әлі күнге дейін сыйлық беріп тұратын атақты сазгер ағынан жарылды

Марат Омаровтың көпшілік біле бермейтін құпиясын бұл жолы қызы ашты. Заринаның сөзіне сенсек, әнші 9 жасқа толғанда ата-анасының дәм-тұзы жараспай, бөлек кеткен. Алайда, экс-жұбайлар бір шаңырақ астында ғұмыр кешпесе де, сазгердің бәйбішесіне деген тосын сыйлары таусылмайтын көрінеді. Бұл туралы НТК арнасындағы «Ревю» бағдарламасында белгілі болды.

Бұрынғы жұбайына әлі күнге дейін сыйлық беріп тұратын атақты сазгер ағынан жарылдыМАРАТ ОМАРОВ ҚЫЗЫ ЗАРИНАМЕН. ФОТО: INSTAGRAM

Заринаның әкесі мен анасы ортақ перзенттерінің қуанышында ғана бас қосатын көрінеді. Бұрынғы жұбайлар жиі жүздеспесе де, екеуінің сыйластығы әлі күнге сызат түспей сақталған.

«Әкеміз 8-ші март күні мамамызға әрине гүл сыйлап тұрады. Жақсы бір туған күндерде болмасын, басқа да сыйлықтарын беріп жатады. Әлі күнге дейін менің әкем мамама риза. Өйткені, енді үлкен бәйбіше деген сияқты», — дейді Зарина Омарова.

Марат Омаровтың өзі болса бірінші әйелін «ана» болғаны үшін қатты құрметтейтінін айтты.

«Гүлдің өзі аз мысалға. Өйткені ана ғой ол. Ондай ана мені де дүниеге алып келген. Менің балаларымды да алып келген дүниеге, ол да ана. Сондықтан да, мен бірдей құрметтеуім керек. Тек қана гүл емес, лажы болса кішкене көңілін көтеріп, үлкен қуанышқа бөлеп жатса одан басқа бақыт жоқ«, — деп ағынан жарылды сазгер.

Марат мырзаның бүгінде екінші жанұясы бар. Шәйін демдеп, бабын тауып отырған қазіргі әйелі экс-жұбайлардың қарым-қатынасына қалай қарайтынын әнші түсіндіріп берді.

«Қызғанса бір қызғанып қояр. Оны да әлпештеп, айналайын-ау деп, оны да жұбатуыма тура келеді. Оның да көзқарасын табуым керек. Сондықтан, мұның бәрі үлкен тәжірибе. Бұл қиын жағдай әрине, өмірде кездесетін жағдай. Бірақ, мен ойлаймын әйел адамға күліп, оның психологиясын түсіне білсеңіз әрқашанда тату-тәтті боласыз», — дейді ол.

Айта кетейік, Марат Омаровтың алғашқы жұбайынан қос қызы мен бір мұрагері бар. Ал, 12 жастағы кенжесі Бибімәриям екінші некесінен.

comments powered by HyperComments