Домой Новости Атырауда жат дінді ұстанған азаматтар екі бірдей оқушы қызға үйленіп, «талақ» айтып...

Атырауда жат дінді ұстанған азаматтар екі бірдей оқушы қызға үйленіп, «талақ» айтып кеткен

Атырауда жат ағымның жетегінде кеткен азаматтардың тікелей қатысуымен мектеп жасындағы екі қызға қатысты елді алаңдатқан оқиғалар тіркелді деп жазады «Атырау» басылымы.

Атырауда жат дінді ұстанған азаматтар екі бірдей оқушы қызға үйленіп, «талақ» айтып кеткенКӨРНЕКІ ФОТО: ATR.KZ

Бірінші оқиғаның сюжеті былай өрбиді: Атырау қаласының 1978 жылы туған Б. есімді тұрғыны  16-ға енді толған қызын өзінен жасы екі есе үлкен ер адамға еркінен тыс тұрмысқа беріп жіберген.

Салафизм ағымын ұстанатын әкенің ойынша, егер «діндес ахилары», яғни, ағалары жыныстық жетілген қыз балаға көзі түсіп, тұрмысқа шығуын сұраса, ата-анасы қарсылық танытпауы тиіс. Бұл жағдайға бейжай қарай алмаған көршілері мен туыстары құқық қорғау органдарына да хабарласқан. Бірақ, әлгі әке-сымақты перзентінің тағдырынан гөрі, айдаладағы біреудің сөзі қатты алаңдататынға ұқсайды. Өмір парағын ашпай жатып, ерте солған қыз бала қазір кешкі мектепте оқуға мәжбүр.

Екінші жағдайдың орын алғанына да көп уақыт өте қойған жоқ. Бұл жолы бәленің барлығы әлеуметтік желіден басталған. Салафизм идеологиясына уланған Алматы қаласының отыз жастағы тұрғыны «ВКонтакте» желісі арқылы 9 сыныпта оқитын атыраулық оқушы қызбен танысады. Қыздың дінге қызығушылығын пайдаланбақ болған әлгі жігіт «интернет махаббат» қана емес, радикалдық идеология туралы да кеңінен насихаттап, ақыл тоқтата қоймаған оқушының санасын улай бастайды. Кейін тіпті, қызға өлердей ғашық екенін, екеуі үйленген жағдайда бақытты отбасы болатындарын айтып ант-су ішеді.

Осылайша, екі-үш айға созылған «онлайн махаббат» алматылық жігіттің Атырауға келуімен жалғасады. «Діндес» таныстарының жалған куәлік етуімен оқушы қызбен арадағы некесін қиған жігіт жағдайды құпия түрде ұстауға тырысады. Себебі, бұл жағдайлардың барлығынан қыздың ата-анасы бейхабар еді. Сөйтіп, күйеусымақ алғашқы түндерін өткізу үшін қонақүйді жалға алады.

Сол кезде «жас келіншек» қулыққа көшеді. Үйінен мектеп киімімен шығып, «ғашығы» екеуіне арналған қонақ үйде сабақ уақыты біткенге дейін «көңіл көтеріп», кейін түк болмағандай оралып отырған. Арада екі күн өткеннен кейін ғана мектептегі ұстаздары қыздың сабаққа келмегендігі туралы дабыл қағады.

Осыдан кейін ата-анасы бар жағдайды анықтайды. Бірақ, барлығы кеш еді. Себебі, ойнап-күліп болған жалған «діншіл» жігіт әлдеқашан «талақ» айтып, ажырасып, Алматыға тайып отырған. Жігіттің үстінен қылмыстық іс қозғауға да болар еді. Бірақ, «өлімнен ұят күшті» деген қазақтың ұстанымына берік қыздың ата-анасы ондай қадамға бармай отыр. Қазір оңбай алданған қыз бала Атыраудағы колледждердің біріне оқуға түсті.

Аталған екі оқиғаға байланысты пікір білдірген Атырау облысы Дін істері басқармасының басшысы Қайролла Көшқалиев қызын әкесімен шамалас адамға мәжбүрлеп күйеуге беру фактісін қазіргі уақытта құзырлы органдардың назарға алғандығын айтты.

«Бұл жағдайға қыз балалардың жеке трагедиясы деп қарауға болмайды. Себебі, адасушылықтың соңы отбасы құндылықтарының әбден күйреуіне апаратынын көрсетті. Деструктивті көзқарастағы адамдар ұят, ар, баласына деген әкелік махаббат сияқты сезімдерден де ада келеді», — дейді ол.

comments powered by HyperComments