Домой Новости Астананың қақ ортасында аяусыз соққыға жығылған жігіт өлім аузында жатыр

Астананың қақ ортасында аяусыз соққыға жығылған жігіт өлім аузында жатыр

Астананың қақ ортасында соққыға жығылып, қан-жоса болған 33 жастағы Бауыржан Исабеков өлім аузында жатыр. Жұрттың жағасын ұстатқан жантүршігерлік оқиғаны зардап шеккен азаматтың туыстары бастан-аяқ баяндап берді деп хабарлайды КТК арнасы.

Астананың қақ ортасында аяусыз соққыға жығылған жігіт өлім аузында жатырБАУЫРЖАН ИСАБЕКОВ ЖЕТІ АЙЛЫҚ ҰЛЫМЕН. ФОТО: NUR.KZ

Бауыржан Исабеков сол күні қарындасы Наргизаның үйінде бұзылып тұрған көлігін жөндеу керек болған екен. Алайда аяқ асты досы хабарласып, сауда орталығына бірге барып келуді өтініпті. Бауыржан бар шаруасын тастап, жолдасымен дүкенге келгенде осындай жағдайға ұшырады дейді туыстары.

«Ағам сауда орталығынан бірінші шыққан. Ал досы іште қалған. Есіктің алдында бейтаныс адам кіріп келе жатып түйіп өткен бе, білмеймін, сол жерде екеуі жанжалдасыпты. Күдікті ағамды ашумен тепкілеп тастаған«, — дейді зардап шегушінің қарындасы Наргиза Ахметова.

Досы дүкеннен шыққанда Бауыржан қансырап жерде жатқан екен. Ал оны соққыға жыққан күдіктіні полицейлер келгенше жолдасы ұстап отырыпты. Сол аралықта оқиға орнына басқа адамдар да жиналып қалған. Қазір Бауыржан ауруханада жатыр. Есін әлі жиған жоқ.

Қанды оқиғаны естігенде, 33 жастағы жігіттің аяғы ауыр келіншегінің де денсаулығы күрт нашарлапты. Ерлі-зайыптылардың туыстары енді күні-түні аурухананы күзетіп жүр.

«Ағамның жағдайы әлі нашар. Осы оқиғадан кейін аяғы ауыр әйелі де ауруханаға түсті. Күдіктінің жақындары хабарласты, қолдарынан келгенше көмектесеміз деп отыр. Бірақ денсаулығын толық қайта қалыпқа келтіру мүмкін емес қой», — дейді зардап шегушінің қарындасы.

Бауыржан Исабековтың миы шайқалып, төс сүйегі сынып кеткен көрінеді. Оның ауыр жараланғанын видеодан-ақ байқауға болады, жер қанға боялған. Бірақ ерегіскен екеу бір-біріне қару қолданбапты. Жақындарының айтуынша, күдікті Бауыржанды аяқпен тепкен.

«Медициналық бақылауда реанимацияда. Жасанды медикаментозбен ұйқыда. Түскен кезде компьютерный томография жасалды. Миына азғантай қан құйылған», — дейді нейрохирург Еркін Дүйсенбаев.

Ал жас жігітті өлімші етіп сабап тастаған күдікті енді желтоқсанға дейін, яғни тергеу аяқталғанша қамауда отырады. Қазір полицейлер қақтығыстың неден шыққанын анықтауда.

Сондай-ақ, тәртіп сақшылары қан-жоса болған жігіттің қалтасын тінтіп, жеке затын алып кеткен адамды да іздестіруде.

Бұған дейін «зардап шеккен азамат мас болған» деген ақпарат тараған еді. Алайда туыстарының айтуынша, Бауыржан Исабеков спирттік ішімдік мүлдем ішпейді екен.

comments powered by HyperComments