Домой Новости Астана әкімдігіне қарасты мекеме 55 млн теңгеге S класты Мерседес сатып алған

Астана әкімдігіне қарасты мекеме 55 млн теңгеге S класты Мерседес сатып алған

«Қазавтоөндіріс» автомобиль саласы кәсіпорындары одағы ұйымының басқарма төрағасы Олег Алферов осы аптада атқарушы билік пен ұлттық компаниялар мемлекеттік сатып алуларда отандық өнімдерге басымдық беруді қойғанын айтты. Бұл туралы «Астана» арнасы хабарлады.

Астана әкімдігіне қарасты мекеме 55 млн теңгеге S класты Мерседес сатып алғанКӨРНЕКІ ФОТО: WWW.ZR.RU

Mемлекеттік органдар биылғы 9 айда 500-ден аса шетелдік қымбат көлік сатып алған. Оның құны 6 миллиард теңгені құрайды. Бұл былтырғыдан 7,5 пайызға артық. Бұған дейін елде отандық өнімді қолдау мақсатында елде шығарылатын автокөліктерге басымдық берілген. Соған қарамастан өткен жылы шет елдің кемедей көлігінен алпыс жетісі кіріпті. Ал, биыл жыл басында ДСҰ мүше болуға орай әлгі басымдық алынған. Нәтижесінде биыл не бары 9 айда мемлекеттік органдар мен холдингтер 508 шет елдің қымбат көлігін мініп «рақатқа» бір батып қалыпты. Шенеуніктердің шетелдік көліктерге тапсырысты үдетуі отандық көліктердің нарықтағы үлесін тарылтып отыр.

«Нақты мысал ретінде айтарым — Астана қаласының әкімдігіне қарасты автошаруашылық серіктестігі 55 млн теңгеге S-класты Mercedes Benz көлігін сатып алды», — дейді «Қазавтоөндіріс» төрағасы.

Бізде депутат, министрді айтпағанда, кішігірім басқарма басшыларының өзі жамбасына «жұмсақтау» келетін жерде отырғанды жақсы көреді. Алферов келтірген «S» санатындағы Mercedes-Benz көлігін 55 млн теңгеге сатып алу дара мысал емес.

Құны 22 млн теңгеден жоғары тұратын Toyota Land Cruiser көлігін алғандардың ішінде Алматы, Ақмола, Қостанай, СҚО әкімдіктері, Сарыкөл, Әулиекөл, және Қамысты аудан әкімдіктері мен Зеленовский мәдениет бөлімінің тілдерді дамыту басқармасы мен дене тәрбиесі басқарма басшылары бар.

«Мәселен, Алматы онкологиялық орталығы Toyota Camry көлігін 7,5 млн теңгеге алған. Ал Жамбыл облысындағы Талас, Сарысу, Мерке аудандары әкімдерінің аппараттары дәл сол көлікке 12-ден 14 млн теңгеге дейін төлеуге дайын. Ал Талдықорған әкімдігі сол маркадағы көлікке 23 млн теңге шығарып, құнын үш есе асырып отыр. Toyota Land Cruiser 200 көлігі бойынша да солай. Ал Қостанай облысының Әулиекөл ауданының әкімдігі 25 млн теңге бөліп отыр.

Сіздер қымбат көлікті мінгенде «жол жаман» деп сылтау айтасыздар. Бірақ сол жолды жөндеу де сіздердің міндеттеріңіз емес пе, осылайша сіздер аймақтарыңызда «Нұрлы жол» сынды бірқатар бағдарламаның жүзеге қалай асып жатқанын көрсетесіздер», — дейді парламент мәжілісінің депутаты Кеңес Абсатиров.

Сөйтіп депутат Абсатиров жаман жолмен жүйітку үшін әкімдердің «жақсы әдіс» тапқанын ашық айтты. Мұнан өзге ол әкімдіктердің автотұрағынан кейін төтенше жағдайлар немесе жедел жәрдем көліктерінің тұрағына қарау өте ыңғайсыз, деп қысылатынын жеткізді. Себебі ондағы көліктердің басым көбі әлі де сонау 1970-1990-шы жылдар аралығында шыққан көліктер.

«СҚО әкімі Құмар Ақсақалов Mercedes Benz 350 көлігімен жүреді, 2006 жылы шыққан. Екі орынбасары Kia Quoris-пен жүрсе, аппарат жетекшісі мен тағы бір орынбасары Toyota camri мінеді. Ол мемлекеттік сатып алу аясында 2016-шы жылы алынған. Тағы қосымша екі жеңіл көлігіміз, екі автобусымыз бар», — дейді Солтүстiк Қазақстан облыс әкiмi аппараты басшысының ұйымдастыру-шаруашылық мәселелерi бойынша орынбасары Руслан Аңбаев.

Ал Павлодар қаласының әкімдігі биыл 10 көлік сатып алған. Олардың жалпы сомасы 101 млн теңгені құрайды. Бүгінде тағы екі машинаны сатып алу бойынша конкурстық процедура басталған. Ең қымбат көлік – шаһар басшысына алынған.

comments powered by HyperComments