Домой Новости Ақтөбелік ата-ана орамал шешпеу үшін төрт бірдей қызының шашын тақырлап тастаған (фото)

Ақтөбелік ата-ана орамал шешпеу үшін төрт бірдей қызының шашын тақырлап тастаған (фото)

Ақтөбелік ата-ана мектепке баратын төрт бірдей қызының шашын тақырлап тастады. Сабаққа орамалмен қатысатын қыздар қазір шаштарының жоқтығын сылтау қылып, кимешектерін шешпей отыр. Бұл туралы өңірдегі NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Ақтөбелік ата-ана орамал шешпеу үшін төрт бірдей қызының шашын тақырлап тастаған (фото)СЕГІЗ БАЛАНЫҢ АНАСЫ. ФОТО: NUR.KZ

Мектепке кимешекпен келетін қыздар Ақтөбедегі №60 мектептің үшінші, төртінші, бесінші, алтыншы сыныптарында оқиды. Қыздардың ата-анасы көптен дін жолында жүргендерін айтты. Отбасында сегіз бала бар. Аналарының тоғызыншы балаға аяғы ауыр.

«Төрт қызым мектепке борады. Бірінші тоқсанды орамал тағып аяқтадық. Балаларымның барлығы кішкентай кездерінен орамал тағып үйренген. Менің қыздарымның шашы жоқ, мен мектепке түсіндіріп айттым. Қыздарымның бәріне жара шығып, содан шаштарын алып тастадым. Шаштары әлі кішкентай, өспей жатыр. Шаштарына жабысып қалатын жара шықты. Осы ауданды қарайтын ауруханаға апардым. Балаларым кішкентай кездерінен орамал тағады, орамал таққаннан кейін таза жүреді», — дейді аналары Индира Сарина.

Ақтөбелік ата-ана орамал шешпеу үшін төрт бірдей қызының шашын тақырлап тастаған (фото)ШАШЫН ТАҚЫРЛАП ТАСТАҒАН БҮЛДІРШІН. ФОТО: NUR.KZ

37 жасында тоғызыншы баласын босанғалы отырған келіншек тұрмысқа шыққаннан кейін дін жолына келгенін айтты. Көпбалалы отбасыға мемлекет тарапынан айына алты мың теңге төлейтін жалдамалы пәтер берілген.

Көпбалалы ананың «балаларымның басында жара бар» деген сөзін отбасы қаралатын аурухананың дәрігерлері жоққа шығарды.

«Сарина Индира есімді келіншектің сегіз баласы да біздің ауруханаға қаралады. Әйелдің тоғызыншы баласына аяғы ауыр. Олардың мектеп жасындағы барлық балалары орамал тартады. Олар денсаулықтарына қатысты ешқандай шағым айтып бізге келген жоқ. Балаларының басында ешқандай жара болған жоқ. Барлық сегіз баласына да түгел екпеден бас тартып отыр. Бұл — балаларына екпе жасатуға қарсы болып отырған отбасы. Олармен үздіксіз түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырмыз»,- дейді Қарғалы қалалық ауруханасының жалпы тәжірибе дәрігері Аягүл Әлжанова.

Ақтөбелік ата-ана орамал шешпеу үшін төрт бірдей қызының шашын тақырлап тастаған (фото)АЯГҮЛ ӘЛЖАНОВА. ФОТО: NUR.KZ

Дәрігерлер ата-ана бұл қадамға мәжбүрліктен емес, мектеп басшылығына қыр көрсеткеннен барып отыруы мүмкін дегенді айтты. Түсіндіру жұмыстарын жасау үшін отбасыға дін қызметкерлері де барған.

«Бұл отбасыға өзім барып сөйлестім. Төрт қызының шашын бір күнде алып тастаған. Балаларын сабақтан қалдырған жоқ. Орамалын тағып, қыздары сабаққа барып жүр. Барып сөйлескенде ата-ана жағдайды түсінді. Қыздарымның шашы өскеннен кейін балаларды сабаққа орамалсыз жіберемін деп уәде берді. Жазбаша қолхаты да бар», — дейді облыстық дін істер басқармасының басшысы Жолдас Қалмағанбетов.

Балалардың жағдайын мектептен де сұрадық. Білім ордасының да ата-анаға шарт қойғаннан басқа амалы қалмаған.

«Біз мектепке орамал тағып келетін оқушылардың ата-аналарына екі рет хабарлама бердік. Құқық кеңесін де өткіздік. Бірақ, ол ата-аналар оған келмей қалды. Екінші рет республикадан келген жұмыс тобымен бірге өткіздік. Қыздың анасы уақыт сұрады. Біз өзара келісу үшін 1 қарашаға дейін уақыт бердік. Содан кейін әкімшілік құқық бұзушылыққа қатысты құжаттар дайындалатын болады», — дейді №60 мектептің директоры Абзал Тәжімішов.

comments powered by HyperComments